Арыста мас әйел үйдің қоршауын бұзып, 6 адамды қаққан: Үш адам қаза тапты
Марқұм балабақша тәрбиешісі жүкті болған.
Жүргізуші әйел көлігімен үйдің қоршауын бұзып өтіп, алты адамды қақты. Аулада алаңсыз отырған 30 жастағы келіншек пен екі бала көз жұмды. Балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін марқұм жүкті болған. Қара жамылған отбасының айтуынша, машинаның рөліне ие бола алмаған мектеп мұғалімі удай мас болған. Сондай-ақ олар күдіктінің полиция қызметкерлерінен қашып, жол жиегіне шығып кеткенін айтады. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
Айдаровтар әулеті айдын күннің аманында келіні мен немересінен айырылды. Қайғыдан қан жұтқан отбасы жантүршігерлік жол апаты қас-қағым сәтте болғанын айтады. Аулада 30 жастағы Айшолпан көрші тұратын құрбысы және балаларымен алаңсыз отырған. Сол сәтте жүйткіп келген көлік кірпіш қоршауды бұзып, алты адамды жан-жаққа ұшырып жіберген.
"Машина соққан келіп. Топырақтың астынан тауып алдық кішкентайымызды. Келініміз қораның ішіне кіріп кеткен. Ұшырып жіберген ары қарай. Қатты келді дейді. Баспаған. Тормоз баспаған. Кеше полициялар келді. Тормоздың ізі де жоқ мына жерде. Ішіп алған. Тойып алған. Ол кісі Адамбек мектебінің мұғалімі. Қазақ тілі пәнінен береді. Жиі ішіп тұрады. Ішіп жүргенін де көретінбіз", – дейді марқұмның туысы Ғани Айдаров.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, көліктің рөлінде отырған мектеп мұғалімі мас болған. Ол аздай, машинадан түсе сала із суытқан. Сұмдығы сол, жантүршігерлік жол апаты балалардың көз алдында болыпты.
"Балалары өзіміздің есік алдында ойнап жүрген. Енді мен келген кезде айтып отыр анам талып қалды деп. Олар кішкентай балалар. Өз көзімен көріп отыр. Сөйлей алмайтын баласының өзі маған қарай жүгіріп шықты. Балаларының көз алдында болып жатқан сұмдық жағдай. Інім үйдің асыраушысы қауын анау-мынау сатып жүрген. Ол да көрмей кетті ғой енді", – дейді марқұмның туысы Раушан Айдарова.
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында құдықтан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Ата-анасы ұлының ұсталғанына наразы
Апат салдарынан үш адам ажал құшты. 30 жастағы Айшолпан ауруханаға бара жатқан жолда жан тапсырса, екі жастағы ұлы мен көршісінің 5 жастағы қызы оқиға болған жерде тіл тартпай кеткен. Ал марқұм қыздың анасы мен бір жарым жасар інісі қазір ауруханада жатыр. Тағы бір зейнеткер амбулаториялық емге жіберілген.
"1 жас 6 айлық бала жансақтау бөліміне ауыр жағдайда түсті. Бас ми шайқалуымен, оң жақ қабырғаларының көптеген жабық сынығы және сол жақ санының жабық сынығымен. 30 жастағы науқас хирургия бөліміне жатқызылды. Орта дәрежелі жағдайда", – деді Арыс аудандық орталық ауруханасының дәрігері Айдар Ақбаров.
Оқи отырыңыз: Шымкентте құтқарушылар 12 метрлік құдыққа құлаған баланы аман алып шықты
Көз жұмған және ауруханада жатқан әйелдер балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген. Ал үш адамның өліміне себепші болған 52 жастағы күдікті қазір қамауда отыр. Тұрғындардың айтуынша, ол бос уақытында жолаушы тасымалдап, нәпақа тапқан. Сөздеріне сенсек, тергеуге алынған ұстаз қайғылы оқиға күні ішімдікке сылқия тойып алып, полицейлерден қашып келе жатқан.