Таяу Шығыстағы қақтығыс әскер күшімен шешілмейді – Антониу Гутерриш


Бүгінгі таңда адамдар әділеттің өзіне көз жұма қарап отыр, деді БҰҰ бас хатшысы.


Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, бұл қақтығыстың әскери жолмен шешілмейтінін мәлімдеді. Ол бұл туралы Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде журналистер берген сұхбатында айтты.

Бас хатшы Антониу Гутерриш тараптарды келіссөздерді қайта бастауға, атысты тоқтату режимін сақтауға және теңіздегі еркін навигацияны, соның ішінде Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз етуге шақырды.

"Қазір шиеленісті ушықтырудың емес, ұстамдылық пен дипломатия арқылы шешудің уақыты келді", – деді ол.

Антониу Гутерриш қазіргі таңда соғыс жүргізу және күш қолдану ережелері жиі еленбей отырғанын атап өтті. Соның салдарынан бейбіт тұрғындар ауыр зардап шегіп, гуманитарлық міндеттемелер бұзылуда. Оның айтуынша, кейбір жағдайларда тіпті БҰҰ қызметкерлерінің қауіпсіздігіне берілген кепілдіктер де сақталмай отыр.

"Әділеттің ешкімге бүйрегі бұрмауы тиіс. Алайда бүгінгі таңда адамдар әділеттің өзіне көз жұма қарайды", – деді ол.

БҰҰ Бас хатшысы "заңсыздық хаосқа әкеліп, адамдардың азабын күшейтіп, қиратуларға себеп болады" екенін ескертіп, мемлекеттерді халықаралық құқықтан бас тартпауға, керісінше, оған адалдығын тағы да растауға шақырды.


Оқи отырыңыз:

  • Қазақстандықтар қажылық сапарда қауіпсіз әуе дәліздері арқылы ұшады – ҚМДБ Таяу Шығыстағы жағдай жөнінде
  • Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Формула-1-дің Бахрейн мен Сауд Арабиясындағы кезеңдері өтпейді

TAGS: